Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында мемлекеттік органдармен «AMANAT» партиясына «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтіп халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру тапсырылған болатын.
«Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты – жеке тұлғалар арасында проблемалық берешегі бар адамдардың қаржылық сауатын арттыру, несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу болып табылады.
Биылғы жылы «Қарызсыз қоғам» жобасы Бірінші Мамыр ауылдық округінен бастау алды.
Бірінші Мамыр ауылдық мәдениет үйінде 17-21 ақпан аралығында өткен оқу курсында тұрғындар банк несиесін төлеу мерзімі кешіктірілген жағдайда қолданылатын шаралар, несие келісім-шартын өзгерту жолдары, қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша келелі кеңестер алды.
Тұрғындарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмек көрсету бағытында ұйымдастырылған оқу курсында келушілерге табысты жоспарлау, enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес берілді.