• (Аудандық ардагерлер үйінің пайдалануға берілуінің
    1 жылдығына орай)
    Түркістан облысы Төлеби ауданы ардагерлер кеңесі ұзақ жылдардан бері ел арасында ауданның тыныштық пен бірліктің, тұрақтылықтың сақталуына, тәртіп пен тәрбиенің жақсаруына, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға септігін тигізіп келеді. Ауданда 13 округ бойынша 11939 зейнеткер есепте тұрса, оның ішінде 449 зейнет жасындағы мүгедектер, біреуі-Ұлы Отан соғысының ардагері, екеуі-Венгрия соғысына қатысушы, 17-сі — Ұлы Отан соғысының ардагерлері жесірлері-, 277-сі тыл еңбеккерлері, 172-сі қуғын сүргінге ұшырағандар. Барлық округтерінде кеңес төрағалары елді мекен тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан.
    Былтыр қараша айында «Ардагерлер үйін» пайдалануға берілген болатын. Құрылысы ерекше талғаммен салынған ғимараттың бой көтеруіне Түркістан облысының құрметті азаматы- Ә.Шыңғысбаев пен Төлеби ауданының құрметті азаматы, бүгінде марқұм болған Ә.Баяновтың көп еңбегі сіңді. Аудан әкімдігі «Жастар саябағы» ішінен 10 соттық тер телімін бөліп, аға және орта буын өкілдерінің демеушілік жасап, 46,5 миллион теңге «Ардагерлер үйі» салынған еді.
    Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, соңынан ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ауыл қарттарының орны ерекше. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлау, оның сөзіне құлақ асу. «Ардагерлер үйіне» елдің басы-қасында жүрген көптеген азаматтар келіп, ақсақалдардын батасын алады. Аузы дуалы, тірлігі тындырымды, ісі өнегелі ардагерлер
    Ардагерлер мен елім деген азаматтар ай сайын екі рет бас қосып, келел жиын өткізеді. Ғимараттағы қымызханада жылдың төрт мезгілінде сабасын толтырып, жасы мен кәрісінің басын қосып, елдің, жердің жайын қозғап мәселені шешетін орынға айналған. «Қымызханадағы» жақсы үрдіс алған жері, бұл жерге аудан әкімі, оның орынбасарлары, аудандық мәслихаттың төрағасы, құқыққорғау органдарының өкілдері осы жерден табылатындығы. Олар өз тарапынан елде, облыста, ауданда болып жатқан жаңалықтарды көпшілікке таныстыруды әдетке айналдырған. Ел жақсыларының назарына өзекті мәселелерді қойып, көпшіліктің пікірі тыңдалады. Кейбір салт- дәстүріміздің артықшылығы мен кемшіліктері таразылайды. Мысалы, үйлену тойы, келін түсіру, беташар, бесікке салу, тұсаукесер тойларын өткізу ел арасында аста-төк дәстүрге айналуда. Мұның өзі кейбір отбасылардың материалдық жағдайына да кері әсер етіп жатыр. Қарияларымыз ысырапшылыққа жол бермеу жағына көңіл бөліп, оның алдын алу жағын қарастырады. « Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» Бізде жаназаның өзінде тойдағыдай аста-төк дастархан жаю үрдіске айналып, бұл жоқ-жітіктерге ауыр тиіп жүрген. Ақсақалдар діни қызметкерлермен бірлесе отырып, қаралы үйден үш күнге дейін иіс шығармау, жыртыс таратпауды бір жүйеге келтірді. Қымызханадағы бас қосуда ел арасында адасып жүргендердің іс-әрекеттеріне тоқтау салып, жөнге салуды ел жақсылары өз міндеттеріне алған.
    Бұл ғимаратта аудандық және Ленгір қалалық «Әжелер алқасы», «Әкелер мектебі» мүшелері өз жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар салауатты өмір-салтын дәріптеуде бильярд, стол теннисі, шахмат, дойбы клубтары жұмыс істейді. Төлебилік ардагерлеріміз ауданның қоғамдық жұмыстарының бел ортасында жүр. Құрылғанына 10 жыл толған «Әжелер алқасы» мен «Әкелер мектебі» бала-бақшаларда, мектептерде кездесулер өткізе отырып, жас ұрпақтың санасына обал, сауап, ынсап, парыз, аманат, борыш, қанағат, мейірім, ұят, иман секілді ұғымдардың терең сіңуде. Ардагер ата-әжелер әр жылдары әулиелі, киелі, тарихи жерлерді аралау арқылы туған жерінің табиғатымен ерекшелігін жас буынға насихаттап, ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғырту бойынша білім ұяларын аралап, қызықты, танымдық кездесулер ұйымдастарады. Ардагерлер, сондай-ақ «Елге көмек» акциясы барысында көпбалалы жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау білдіруде.
    Салауатты өмір-салтын дәріптеу мақсатында «Ардагерлер күні» дәстүрлі бильярд ойынынан аудандық жарыста 63-73 жас аралығы арасында М.Қойбағаров, Қ.Дүйсемұратов, Қ.Әлтеев жеңімпаз атанса, жас аралығы 73 жастан жоғарғылар арасында Л.Бөртекеев, Қ.Сыдықов, А.Әбдірақманов жеңімпаз атанды. Осы жарыс түрінен облыстық сайыста Р.Оңғаров, С.Зұлыпбеков, М.Қойбағаров жүлдегерлер қатарынан көрінсе, республикалық жарыста 88 жастағы Қ.Нұрымбетов жүлделі 2 орынды қанжығасына байлады. Стол теннисінен облыстық жарыстарда Т.Насыров, Т.Жүнісов, Е.Қаратаевтардың олжалы қайтып жүр. Жақында облыста өткен шахмат турнирінде ардагер жерлестеріміз командалық есепте 2 орынды жеңіп алса, жекелей сында Ә.Ерімбетов 2 орынды, С.Тәжібеков 3 орынды иеленді.
    Қарт кісіні құт – береке деп танысақ ол ұрпақ көрегендігі. Ұрпағы құрметтеген ата – ана әр кезде де бақытты.
    Ғұмырлық тәжірибесімен басқаларға ғибратты сөзін, ақыл-кеңесін аямайтын, ұрпағын имандылыққа баулитын аталар мен әжелер бар жерде құт-береке де бар. «Үлкенді сен сыйласан, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды» деген халық даналығы бар. Аудандық ардагерлер кеңесі, аудан әкімшілігі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, Ұлы Жеңістің 78 жылдық мерекесіне орай барлық ссанаттағы азаматтарға бір жолғы материалдық көмек көрсетті. Аудан әкімі, аудандық мәслихат, ардагерлер кеңесі тарапынан қала, ауыл округтарында тұратын Ұлы Отан соғыс ардагерлері мен қарттарға үйлеріне барып құттықтаулар ұйымдастырып тұрады. Ленгір қаласының тұрғыны Ұлы Отан соғысының ардагері Р.Жұмағұловқа және жүз жастан асқан аудандағы 10 қарттың, 20 мүгедек азаматтың барлығы 30 адамның жеке есеп шоттарына мерекеге орай бір ретті материалдық көмек көрсетілді. Әрқайсысына 6900 теңгеден 207 мың теңге қаржы аударылды. Ардагерлер үйі мен «Мейір» сауықтыру орындарына жолданғандар 398 адам жолданса «Денсаулық» оңалту орталығына 125 зейнеткер ем алуға барды.
    Бабалар даналығын араға ¬талай ғасыр¬лар салып, бүгінгі ұрпаққа нақыш -бояуын солғын¬датпай жеткізетін қарттарымыз аман, сау болсын!
    Ел қазынасын, қариясын жоғалтса, қасиеті жоғалары анық. Қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген» халқымыз үлкенге деген құрметке сызат түсіріп, кемшілік жібермеуге шақырғанын біле отырып, қарияларымызды мерекесінде ғана еске алмай, әркез ескере жүрейік.Мұның тәрбиелік мәні зор. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ алдыңғы толқын ағалардың өнегелі ісін бойына сіңірсе – еліміздің ертеңі жарқын болады. Қариясын сыйлап, төбесіне көтерген елден қасиет-кие деген айналып өткен емес!
    Қазақ қашанда қазыналы қартын құрметтеген. Туған елінің туын биік ұстауды мақсат тұтқан ел зиялылары әрқашан еңбектеген баладан, еңкейген қартына дейін ұлықтауды ұлы дәстүрге айналдырып, өскелең буынға ұлағат етіп келеді. “Қарттарын ардақтай білген елдің рухы үстем, шаңырағы биік”, деп атап көрсетеді.
    Қарттары бар ел – бақытты ел, байыпты ел. Қай кезде де, небір сын сағатта да халқына сүйеу, жұртына қамқор болатын қарттарымыз аман болып, ұрпағының қуанышына бөлене бергей!

Ғ.Мырзалы
Білім және ғылым қызметкерлері Төлеби
аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы,
ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері,
Төлеби ауданының Құрметті азаматы